Газға улану азаймай тұр...

Табиғи газды тұрмыста пайдалану өте оңай болғанымен қауіпсіздік талаптарын аса мән берілмесе, соңы қайғылы жағдайға әкелетіні белгілі. Жылдың қай мезгілінде де өз тұтынушыларын көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «Жылыойгаз» ЖШС табиғи газды пайдалану кезінде техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын талап етеді. Өйткені ережені естен шығару – адам өміріне өте қауіпті.
Осы жаз мезгілінде  еліміздің әр аймағында тұтынушылардың газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбауының кесірінен әртүрлі оқыс оқиғалардың орын алуда. Сондай апаттың бірі Құлсары қаласы 3 мөлтек ауданында 18 үйде орын алды.  Алдымыздағы аптаның     27-ші жұлдызында сағат 19:30 шамасында жедел жардем бөлімшесіне газдан уланған азаматшаның ес түссіз жатқаны туралы хабар келіп түседі. Оқиға орнына барған жедел жәрдем өкілдері шұғыл түрде алғашқы көмек көрсетіп бірден уланған азаматшаны ауруханаға алып кетеді. Жедел жәрдем өкілдері арнайы органдарға бірден хабарлап тексеріс жұмыстары жүргізілді.
Оқиға орнына барған «Жылыойгаз» ЖШС мамандары бірден тексеріс жұмыстарын жүргізіп.  Пәтер иесі үйінде 1,5 жасар қызы болады, бала ойнап жүріп газ плитанын құлағын ашып қойған, оны анасы байқамаған болып шығады. Сол кезде  көрші тұратын нағашы әжесі 1,5 жасар  немересін сыртқа ойнатуға алып кетеді, сол кезде үйде қалған пәтер иесі есікті кілтеп алып ұйықтап кетеді. Қайта оралған немересі мен әжесі есікті қағады, алайда есікті ешкім ашпайды.  Көрші тұратын інісі бірден әпкесін құтқаруға ұмтылып, қылтима (балкон) арқылы үй ішіне еніп есікті ашып жедел жардем шақырады. Қазіргі таңда зардап шеккен азаматшаның жағдайы бір қалыпты.
  Осындай улану секілді, оқыс апаттан сақтану үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 9 қазандағы № 673 бұйрығына сәйкес және ҚР.ҚН 4.03.101-2011 заң талаптарына сәйкес газды қауіпсіз пайдаланудың төмендегідей негізгі талаптары бар.
1.    Тұтынушы өзінің газ құбырлары мен қондырғыларына жылына кем дегенде бір рет арнайы рұқсаты бар мекемеге техникалық қызмет жасатуы тиіс. Сондай жұмыстарға газ құбырларын жағалап тексерту, апаттық краннан бастап барлық газ қондырғыларындағы крандардың арнайы жақпа маймен майлату, мұржаның қапталуын, түтін тартуын тексерту, желдеткіш көздерінің жұмыс жасауын тексеру, газ қондырғыларын, жылу қазанының қауіпсіздік автоматикасын, газ плиталарын тексерту және техникалық қамту жұмысы кезінде анықталып, қалпына келтіруге берілген ескертулерді мерзімінде орындау жатады.

2.    Газ құбырларында газдың жылыстауы мүлде болмауы керек, ондай жағдай орын алғанда   дереу газды краннан жауып, серіктестіктің тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық диспетчеріне 104 телефоны арқылы хабарлау, есік-терзелерді ашып бөлмені желдету, ашық от көздерін, ток көздерін пайдаланбау.


3.    Газ қондырғылары зауыттық үлгіде, қауіпсіздік автоматикасы жұмыс жасап тұруы міндетті.


4.    Жылу қазанының мұржасының қимасы оның қуатына сай болуы керек, яғни жылу қазанының мұржа шығатын орыны мен негізгі мұржаның қимасы бірдей болуы керек немесе үлкен болуы керек. Мұржа сыртынан жылу сақтайтын материалмен толық қапталуы керек. Мұржаның биіктігі талапқа сай болуы тиіс.


5.    Желдеткіш көздерін бітеп тастауға болмайды. Олар әрдайым жұмыс істеп тұруы, яғни ашық болуы керек.


6.    Газ қондырғылары орналасқан бөлме көлемі нормаға сай, яғни бөлме көлемі кем дегенде 7,5 текшеметр болуы керек. Себебі бөлме тар болғанда газдың толық жануына ауа жетпейді. Сол себептен газ түтіндеп жанып күйе көп мөлшерде бөлінеді.


7.    Газ таратушы мекеме рұқсатынсыз газ жүйесін жүргізу, қосу болмаса  өзгеріс енгізуге қатаң тыйым салынады.


8.    Жылу қазаны мен оның мұржасы жылына кем дегенде бір рет тексеріліп тазалануы керек.


9.    Газ қондырғыларын өз әрекетіне жауап бере алмайтын адамдардың немесе кішкентай балалардың пайдалануына жол бермеу.


«Жылыойгаз» ЖШС мекемесі әр тұтынушының газды қауіпсіз пайдалануын сұрайды. Тұрмыстық жағдайда қандайда жағдай болмасын міндетті түрде арнайы мамандардың көмегімен газ қондырғылардың жұмыс істеуіне көз жеткізген соң қолдану керек екендігін ескертеміз және берілген ескертулерді толық орындаған жөн. Адам өмірін жеңілдетуге арналған көгілдір отын, бірден дұшпанға айналатынын естен шығармайық!
«Жылыойгаз» ЖШС газ техникалық инспекторы – Адаев А
Тел: 8 71237 79050/127