Инвестициялық бағдарлама

«Жылыойгаз» ЖШС Инвестициялық бағдарламасының орындалуы бойынша баспасөз-туры өтті
«Жылыойгаз» ЖШС Инвестициялық бағдарламасының орындалуы бойынша баспасөз-туры өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі  табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «Жылойгаз» ЖШС-нің 2021 жылғы бекітілген инвестициялық бағдарламасы мен тарифтік сметасы бойынша  атқарған жұмыстарымен  таныстыру мақсатында баспасөз турын өткізді.

Медиа-тур Құлсары қаласындағы «Жылыойгаз» серіктестігінің әкімшілік кеңсесінде өтті.

Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы Ә.А.Төлеп, Ұйымдастыру бөлімінің мамандары Қ.Қабленова, Г.Исаева , Жылыой аудандық маслихат хатшысы  С.С.Таласов, «Жылыойгаз» ЖШС директоры Ғ.М.Жақашев және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. «Жылыойгаз» ЖШС директоры Ғ.М.Жақашев мәжілісті ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы Ә.А.Төлеп өткізіліп жатқан баспасөз турының мақсатын түсіндіріп, қысқаша таныстырды.

Бұдан соң «Жылыойгаз» ЖШС директоры Ғ.М.Жакашев өткен 2021 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

- «Жылыойгаз» ЖШС ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаменті директорының 19 наурыз 2009 жылғы №65-ЖҚ бұйрығына сәйкес тауарлық газды тұтынушыларға таратушы газ құбырлары арқылы тасымалдау қызметі бойынша табиғи монополия субъектілерінің мемлекеттік тізімінің жергілікті бөліміне енгізілген болатын және осы саладағы қызметін 2009 жылдың 1 мамырынан бастады. Серіктестік Жылыой ауданы тұтынушыларын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме, яғни «Теңізшевройл» ЖШС Теңіз кенішінен игеретін табиғи газды сатып алып, таратушы газ құбырлары арқылы тасымалдап, тұтынушылардың газ қондырғыларына дейін жеткізіп береді. Департаменттің 07.09.2020 жылғы №70-НҚ бұйрығымен 2021-2025 жылдарға арналған, жалпы құны – 454  987,78 мың теңгені құрайтын инвестициялық бағдарлама бекітіліп, ол – Атырау облысы бойынша Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісілді. Инвестициялық жұмыстарға тоқталып  өтсек: №4-автоматты газ тарату бекетіне газ жылыту торабын ауыстыру бойынша; Газ жылыту торабы сатып алу және осы сатып алынған құрылғыны орнату және желілерін қосу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары. Атап айтсақ, Қосшағыл елді-мекенінде орналасқан №4АГТБ ауыстырып, іске қосылып, қолданысқа берілді. №2-автоматты газ тарату бекетінен КУ №8 К дейін d500 мм орташа қысымды газ құбырына ауыстыру мақсатында d500 мм болатын ұзындығы 500 метр болатын ПЭ құбырын  сатып алынды. Серіктестік тарапынан 2021 жылға бекітілген Инвестициялық бағдарламаны толықтай орындалды, - деді Ғалым Мусиұлы.

Жиналыста Жылыой аудандық мәслихатының хатшысы С.Таласов сөз алды:

- Мен осындай баспасөз-тур ұйымдастырып отырған Департаментке және «Жылыойгаз» ЖШС басшысына алғысымды білдіремін. Орындалған инвестициялық бағдарламаға да көңілім толды. Жыл сайын негізгі қорларыңыз жаңарып, қызмет сапасы жоғарылауда. Әйтсе де, мынадай ұсыныс айтқым келіп отыр: Жылыой ауданы халқының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, коммуналдық төлемдердің өсуіне түбегейлі қарсымыз. Нарық талабына сай «Теңізшевройл» ЖШС жыл сайын газдың сату бағасын көтеру саясатын ұстанады. «Жылыойгаз» ЖШС  аудандық мәслихатқа осы мәселеге араласып, қандайда болса шешімін алуға ұсыныс бердіңіздер. Сіздің ұсынысыңыз әлі де қаралу үстінде, бірақ тағы да Департамент тарапынан шаралар алу керек сияқты, - деді аудандық мәслихат хатшысы.

Бұған «Жылыойгаз» ЖШС директоры Ғ.М.Жақашев:

- Ұсынысыңыз  орынды. Бұл мәселені шешуге Департамент басшысы, облыс әкімі  араласатын болса, біз қарсы емеспіз. Жақын арада ұсынысымызды дайындап жолдаймыз,-деп жауап берді. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша Департаменті басшысы Ә.А.Төлеп баспасөз мәслихатын түйіндеп сөз сөйледі. «Жылыойгаз» ЖШС бүгінгі медиа-турға жергілікті атқару билігін және халық депутаттарын қатыстырып отырмыз . Себебі 2021 жылға бекітілген инвестициялық қаражат табиғи газды тасымалдау тарифінің құрылымында болғасын, не үшін, қай бағытта жұмсалғандығын зерделеп  қадағаласын дегенбіз. Бұл үрдіс табиғи монополия субъектілерінің ашықтығын көрсетеді, - деді Департамент басшысы.

Бұдан соң ол бүгінгі баспасөз мәслихатына қатысқан азаматтарға алғысын айтты.

«Жылыойгаз» ЖШС директоры Ғалым Жақашев та медиа-турға қатысушыларға алғысын білдіріп, өндірістік нысандарды аралауды ұсынды. Бұдан соң келген топ өндірістік нысандарды барып көрді.



С.Бақтығали